logo

Абай облысында екі күннің ішінде 800-ге жуық жол қозғалысы ережелерін бұзғандар анықталды

Абай облысында "Қауіпсіз жол!" жедел-профилактикалық іс-шарасы қорытындыланды.

Шараның мақсаты жол-көлік оқиғаларының санын азайту, ауыр зардаптары бар оқиғалардың алдын алу және жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушылықтарды анықтап, жолын кесу.

Рейд барысында 741 жол қозғалысы ережелерін бұзушылық анықталды. Соның ішінде көлік құралын масаң күйде басқарудың 12 фактісі, жүргізуші құқығынан айырылған тұлғалардың көлік басқарған 3 фактісі, жолды белгіленбеген жерден кесіп өтудің 150 фактісі, көлік жүргізу құқы жоқ тұлғалардың 10 фактісі, жаяу жүргіншілерге жол бермеудің 38 фактісі, мемлекеттік нөмірсіз көлік құралын басқарудың 10 фактісі белгілі болды.

30 көлік айыппұл тұрағына орналастырылды. Барлық құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

"Жолдағы қауіпсіздік — әрқайсымыздың ортақ міндетіміз. Жол қозғалысы ережелерін сақтау — бұл тек заң ғана емес, бұл әр қатысушының өмірі мен денсаулығын сақтауға жасалған қадам!"

Сурет: Абай облысы ПД баспасөз қызметі