logo

Түркістан облысында Наурыз мейрамы 10 күн бойы аталып өтеді

Ұлыстың ұлы күнін атап өту Түркістанда 14 наурыздан басталады.

Бұл туралы брифингте Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев мәлімдеді, деп жазды Caravan.kz медиа порталы KAZINFORM.KZ-ке сілтеме жасап хабарлайды.

14 наурыз — «Көрісу күні – амал мерекесі» барысында өңірдегі өнер, спорт саласындағы қайраткерлер аға буынның шаңырақтарына арнайы барып, жылдың басталуымен құттықтайды. Амандық сұрасып, көріседі. Сондай-ақ, осы күні «Наурыз – жақсылықтың жаршысы» атауымен облыстық челленджі ұйымдастырылады.

15 наурыз — «Наурыз — мейірімділік мерекесі» ретінде аталып өтпек. Бұл күні аудан-қалаларда, ауылдарда жағдайы төмен отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмек көрсету мақсатында қайырымдылық акциясы өтеді. Сондай-ақ, соғыс, еңбек ардагерлеріне, Батыр аналарға құрмет көрсету мақсатында «Аға ұрпақты қастерлейік» акциясы қолға алынбақ.

Сонымен қатар, Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» кешенінде облыс әкімдігі мен айтыс ақындары және жыршы-термешілердің Халықаралық одағының ұйымдастыруымен Түркістан облысы мен Жамбыл облысы ақындары, термеші-жыршылары арасындағы командалық өнер додасы ұйымдастырылады.

наурыз

16 наурыз — «Наурыз – салт-дәстүрдің жаңғыруы» деген бастамамен облыстағы барлық мәдениет мекемелерінде ұлттық салт-дәстүрлерді жаңғыртатын сахналық көріністер қойылмақ.

17 наурыз — «Наурыз — тәрбиенің бастауы» атауымен барлық мектептерде мерекелік іс-шаралар, қолөнер шеберлері мен суретшілердің көрмелері ұйымдастырылады. Сондай-ақ, жағдайы төмен отбасылардың балаларына, мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсетілмек.

18 наурыз — «Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы» деген атпен 09:00-ден бастап Түркістан облысының мемлекеттік қызметшілері ұлттық киім кию челленджін бастайды. Сонымен қатар, «Керуен сарай» аумағында «Түркістан – түркі әлемінің туристік астанасы» іс-шарасының ресми ашылу салтанаты өтеді.

19 наурыз — «Наурыз — жаңару мен жаңғырудың, татулықтың бастауы» деген атпен барлық өңірлерде ағаш егу дәстүрі қолға алынбақ. Бұл күнгі мерекелік іс-шаралар «Наурыз бата» дәстүрімен қорытындыланады.

20 наурыз — «Ұлттық спортты ұлықтау» күнінде барлық өңірлердегі спорт кешендері мен атшабарларда ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтеді.

21 наурыз — «Қош келдің – Әз Наурыз!» атауымен Түркістан қаласындағы «Керуен» сарайы аумағында облыс әкімінің қатысуымен мерекелік салтанатты іс-шара жоспарланып отыр.

22 наурыз — «Ұлыстың ұлы күні — Әз Наурыз» күні Түркістан қаласы мен барлық аудан-қалалардағы орталық алаңдар мен саябақтарда көрмелер, концерттік бағдарламалар, ұлттық спорттық ойындар мереке көркін қыздырады.

23 наурыз — «Наурыз – тазалықтың айнасы» күні облыс көлемінде жалпы халықтық сенбілік ұйымдастырылып, аудандар мен қалаларда тазалық жұмыстары жүргізіледі.