Атырауда төрт түлікті жұқпалы аурулардан сақтау үшін алдын алу, диагностикалық жұмысын ұдайы жүргізтін ветеринарларға 42 көлік берілді. |
Ал, көп жыл жұмыс істеген ветеринарлар «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» атанды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Kazinform-ға сілтеме жасап.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, бұрын ветеринарлардың жалақысы 100 мыңнан 120 мың теңге аралығында болған. Қазір жалақы 50 пайызға өсіп, 200 мыңнан 400 мың теңге аралығын құрайды.
«Ел арасында «медицина адамды, ветеринария адамзатты емдейді» деген тәмсіл бар. Бұл аталған саланың маңыздылығын айқындап тұр. Аймақтағы ветеринариялық стансалардың мамандарына облыстық бюджет есебінен 42 жаңа автокөлік сатып алынды», -деді Жасұлан Бисембиев.
Атырау қаласы мен 7 аудандағы ветеринариялық стансаға берілді. Мәселен, Құрманғазы ауданына 12, Қызылқоғаға – 6, Индер, Махамбет аудандарына – 5, Атырау қаласына, Исатай мен Жылыой ауданына – 4, Мақат ауданына 2 көлік бөлінді.
Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласының бір топ үздігі «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісіне ие болды. Оның арасында «Атырау Ет Орталығының» құрылтайшысы Азамат Хайруллин, «Жарсуат» өндірістік кооперативінің механизаторы Максим Өтенов, «Құрманғазы» ӨК басқарма төрағасының орынбасары Алтын Әбуева, «Қараша» шаруа қожалығының жетекшісі Мәнсия Әбілқайырова бар.