ҚМДБ ұстазы Смайыл Сүйерқұлұлы қоғамда талқыға түскен ажырасу мәселесіне қатысты пікір білдірді.
Бас мүфтидің кеңесшісі, ҚМДБ ұстазы Смайыл Сүйерқұлұлы Құрбанәлі Ахмет есімді азаматтың журналист Жанар Байсемізге берген сұхбаты көпшіліктің наразылығын туғызғаннан кейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан пікір білдірді. Ол бұл ретте ажырасу тақырыбына қатысты шариғи түсініктеме беріп өтті.
"Ислам дінінде ажырасу Алланың құзырында сүйкімсіз іс-әрекет. Дегенмен, ерлі-зайыптылар түсінісе алмайтын болса, ажырасуына рұқсат беріледі. Ажырасқан ерлі-зайыптылар алдағы өмірінде отау құра ма, құрмай ма, ол олардың өз ықтиярына байланысты. Ал шариғатта өзінің жұбайын әдейі ажырасып, "сен пәленшеге тұрмысқа шық" деп айту құпталмайтын нәрсе. Бұл ретте қоғам талқысына түскен Құрбанәлі Ахмет есімді азамат Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында қызмет етпейтінін тағы да еске саламыз Ол кісімен діни басқарманың ешқандай байланысы жоқ", – деді Смайыл Сүйерқұлұлы.
Сондай-ақ, бас мүфтидің кеңесшісі мұсылман адамның жасаған өрескел ісі немесе қателігі үшін Ислам дінін айыптамауға, оны қараламауға шақырды.
"Ислам дінінде кемшілік жоқ, кемшілік пендеде", – деді ол.
Еске салайық, Құрбанәлі Ахметтің журналист Жанар Байсемізге берген сұхбаты көпшіліктің наразылығын туғызды. Бұл сұхбатта ол екінші әйелін қайын атасы "сыйлағанын" және оны бірінші әйелінің рұқсатынсыз алғанын айтқан.
"Ол қабырғам кейін менімен ұрысып қалып "болды, сенімен ажырасамын, байға тиемін" деп жынданды. "Сен ақымақсың ғой, мен саған бай тауып берейін" дедім де, жақсы шәкіртіме үйлендірдім", – деді Құрбанәлі Ахмет.
Осы сұхбаттан соң Алматы қаласы Дін істері басқармасы Құрбанәлі Ахметке қатысты шара қабылдап, оны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 490-бабы бойынша діни қызмет саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Оқи отырыңыз:
Діни білімі кенде дүмшелер ел ішіне іріткі салып жүр – Ермұрат Бапи
"Екінші әйелімді шәкіртіме бердім". ҚМДБ Құрбанәлі Ахметке қатысты мәлімдеме жасады







