Облыс полицейлері 50 жаңа қызметтік автокөлік алды
Абай облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Бектөре Сұлтан қызметкерлерге кілт тапсырып, департаменттің материалдық-техникалық базасын жақсартуға жергілікті атқарушы органдардың қосқан үлесін атап өтті.
"Бұл 50 жаңа автокөлік біздің патрульдік және учаскелік инспекторларға шақыртуларға тез әрі тиімді жауап беруге мүмкіндік береді, бұл көшелер мен алыс орналасқан елді мекендердегі қауіпсіздікті арттырады. Атқарушы органдардың қолдауы біздің өңір тұрғындарының тыныштығын қорғау мүмкіндіктерімізді нығайтуға септігін тигізеді", – деп атап өтті өңір полициясының басшысы.
Автокөліктер патрульдік және учаскелік инспекторларға, соның ішінде бір учаскелік инспектор бірнеше елді мекенге қызмет көрсететін, арақашықтығы 70 шақырымға дейінгі жаңа аудандарға арналған. Бұл автокөліктер отандық кәсіпорындарда өндірілген және Абай облысының бюджет қаражаты есебінен, "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ-ның көмегімен лизингтік қаржыландыру аясында сатып алынды.
Айта кетейік, полицияның автопаркі соңғы рет 2017 жылы жаңартылған болатын.
Сурет: Абай облысы ПД баспасөз қызметі