«Жолаушылар тасымалы» АҚ кейбір БАҚ беттеріне шыққан пойыз билетінің қымбаттауы туралы ақпаратқа түсінік берді. |
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Kazinform-ға сілтеме жасап хабарлайды.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ әлеуметтік маңызы бар облысаралық қатынастар бойынша темір жол тарифі биыл 1 қаңтарда 7%-ға өскенін еске салады. Тарифтің өзгеруі Көлік министрлігімен келісілді және бағаның шекті деңгейінің жыл сайынғы өсуін ескере отырып жасалды.
Ақпаратта айтылғандай, әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша жүретін пойыздардан басқа, елімізде 2014 жылдан бастап экспресс коммерциялық пойыздары қатынайды. Коммерциялық пойыздар билетінің құны оны сатып алу мерзіміне және билетке сұранысқа байланысты белгіленеді.
«Сонымен қатар, елімізде пойыз билеттерін сататын жеке агенттік кассалар жұмыс істейді. Олардың кейбірі билетке комиссия бағасын қосып сатады», — деп түсіндірді «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз хатшысы Нариман Дүйсекеев.