logo

Алматы мен Ыстықкөл арасын жаңа жол қосады

Алматы мен Ыстықкөл арасын жалғайтын жаңа жол салу жобасы қолға алынуда. LS тілшісі Көлік министрлігінен жаңа жол құрылысы туралы ресми ақпарат алды.

Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта Алматы- Отар- Қордай-Бішкек-Чолпон-Ата бағытының ұзындығы 485 шақырымды құрайды.

Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтері Алматы- Ұзынағаш- Кечи- Кемин бағыты бойынша балама жол салу мүмкіндігін қарастыруда. Жобаланған жаңа бағыттың ұзындығы шамамен 70-80 шақырымды құрайды, оның ішінде 6 шақырымы Қырғызстан аумағы арқылы өтеді.

Қазіргі уақытта жобаның экономикалық тиімділігін бағалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл мақсатта Азия даму банкінің гранты негізінде техникалық-экономикалық негіздеме (ТЭН) әзірленуде. Құжатта болашақ жобаның негізгі параметрлері қамтылады: жолдың санаты мен ұзындығы, нақты бағыты, қаржылық моделі, трафиктің болжамды көлемі және ұсынылатын тариф мөлшері есепке алынады.

Техникалық-экономикалық негіздеме дайын болғаннан кейін, жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) тетігі арқылы жүзеге асырылған жағдайда, екі ел арасында туындауы мүмкін құқықтық мәселелер жан-жақты талқыланатын болады.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандық МЖӘ орталығы аталған жол құрылысының алдын ала құны $160 миллион асуы мүмкін екенін мәлімдеген. Сол кезде жолдың ұзындығы шамамен 85 шақырым деп көрсетілген еді.