logo

Қазақстандық тағы бір жоба іске қосылмай қалды

Ақтөбе облысында тағы бір жоба іске асырылмай қалды. Бұл туралы LS-ке өңірлік әкімдікте айтты.

Өңірде техника мен медициналық мақсаттағы бұйымдар шығаратын зауыт салынады деп күтілген.

"2024 жылы қаржылық қиындықтарға байланысты жобаның бастамашысы оны жүзеге асырудан бас тарту туралы шешім қабылдады", – делінген сұрауға жауапта.

Өндірісті іске қосу 8,3 млрд теңгеге бағаланған. Кәсіпорында 295 жұмыс орнын құру жоспарланған болатын.

Естеріңізге сала кетейік, бұл жобаны іске асыру туралы 2022 жылдың желтоқсанында белгілі болды. Зауыт 2026 жылы іске қосылады деп күтілген. Кәсіпорында 50 мыңнан астам техника, 5 млн литрден астам дезинфекциялау құралдары, 3 млн астам жеке қорғаныс құралдары, сондай-ақ, жылына 3 млн медициналық мақсаттағы бұйымдар шығару жоспарланған болатын.

Бұған дейін, LS редакциясы Ақтөбе облысында 1,5 трлн теңгеге мұнай-химия кешенін салу жобасын іске асыру тоқтатылғанын жазған болатын. Осыған ұқсас жағдай қант зауытының құрылысы төңірегінде де қалыптасты.

Аталмыш жобаны жүзеге асыруға Түрік компаниясы $550 млн инвестиция салады деп күтілген. Алайда, 2024 жылдың наурызында LS жобаның объективті факторларға байланысты (қаржыландыру мәселелері, техногендік сипаттағы төтенше жағдай) жүзеге асырылмайтыны туралы ақпарат жариялады.

Жоғарыда аталған барлық жобалар Investment Aktobe-2022 форумы кезінде белгілі болды. Атап айтқанда, ол кезде 2,7 трлн теңгеге сегіз меморандумға қол қойылды.