Қазақстан Парламенті мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаевтың "Инклюзивті Парламент" депутаттар тобының кезекті отырысынан жариялаған видеосын көпшілік қызу талқылауда. |
Депутат-блогер аталмыш видеоны өзінің Instagram желісіндегі парақшасында жариялаған, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Видеодан депутаттардың түрлі тәттілер мен тортқа толы үстелдерін байқауға болады. Дәулет Мұқаев та видеода тәттілермен, бауырсақпен шәй ішкелі жатқандарын айтқан.
"Инклюзивті Парламент" депутаттар тобының кезекті отырысы ерекше өтуде. Қанша отырыс болса да, шай ішіп талқылау болған емес. Мәжілісте мүмкіндігі шектеулі 6 депутат (сенатта 1) бар. Еліміз бойынша мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасау, оларды қолдау біздің басты назарымызда. Қоғам оларды бөлектемеу керек. "Инклюзивті Парламент" депутаттар тобының мен де мүшесімін. Ондай жандар бөлектенбей, бізбен қатар тең дәрежеде өмір сүрулері тиіс. Бәріміз пендеміз!!!", — деп жазды депутат.
Желі қолданушылары депутаттың бұл видеосын қатаң сынауда.
"Өңшең актёр, нені шештіңдер, айттыңдар. Құр лайк жинағаннан басқа ештеңе жоқ. Мына істі бастадық, осылай болды деп айтыңызшы", "Ештеңе өзгермейді, өзгерте алмайсыңдар", "Шәй шәйімен, жұмыс жасаңдар. Құр айтып жиналыс жасай бермей", "Халық аш, сендер рахаттанып тамақ жеп", "Ой сіздердікі рахат қой", — деп жазды олар.