Желтоқсан айында әйелін ұрған Рахат Тұрлыханов әкімшілік ескерту алды. |
Болған жағдайға қатысты алаңдайтын ештеңе жоқ екенін айтқан әнші әйелімен бірге түскен видео жариялады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
"Баршаға сәлем! Сіздермен Рахат Тұрлыханов, және менің әйелім Алтынай Тұрлыханова. Соңғы жағдайларға байланысты өз ойымызбен бөлісуді жөн көрдік. Ары қарай барлығын Алтынайдың өзі айтқаны дұрыс болады", — дейді әнші.
Ал Рахат Тұрлыхановтың жары Алтынай қазір отбасылық өмірлерінде бәрі дұрыс екенін айтқан.
"Қайырлы күн! Рахат екеуміздің арамызда бәрі дұрыс. Рахат сүйікті жар, қамқор әке. Ия, кез келген отбасыда болатындай бізде де келіспеушіліктер болды. Бірақ, қазір бұқаралық ақпарат құралдарында мән-жәйды толық білмей тұрып, Рахатты әділетсіз түрде қаралап жатыр. Сіздердің алаңдап жатқандарыңызды да көріп отырмыз. Бірақ алаңдайтын ештеңе жоқ. Бізде бәрі жақсы", — дейді әншінің әйелі Алтынай.
Алайда, желі қолданушылары Алтынайдың бұл сөзіне сенбейтінін, оның көзінде мұң бар екенін жазуда.
"Физикалық ғана емес, психологиялық та қысым көрсететін сияқты", " Қыз әдемі, бірақ, мұңды", "Қинап ұстап отырған сияқты. Рахат үстелдің астында пситолет ұстап отырған сияқты, қыз жасанды күліп отыр", "Сенбейміз. Алтынай кеш болмай тұрғанда кетіңіз", "Көзінде мұң бар", "Әйелдерді ұратын династия. Бір жылдан бері бұл фамилия тек ұрып-соғумен байланысты болып жатыр", — деп жазды олар.
Еске сала кетейік, Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты өткен жылдың желтоқсан айында экс-әншінің үйде жанжал шығарып, жұбайын ұрып-соққанын анықтаған болатын..
"Сотта ол кінәсін мойындады, жасаған ісіне өкініп, іс бойынша іс жүргізуді тараптардың татуласуы үшін тоқтатуды сұрады. Жұбайы іс материалдарында баяндалған фактілерді растап, онымен татуласқанын хабарлады", — деп хабарлады соттағылар.
Сонымен қатар баптың санкциясы ескерту түрінде әкімшілік жаза немесе 10 тәулікке қамауға алуды көздейді. Алайда Тұрлыханов кінәлі деп танылғанмен, әкімшілік ескерту алды.