logo

Үсік, қар: 3 өңірде автотрассалар жабық тұр

Ауа температурасының -4 градусқа дейін төмендеуі және қардың жоғарыдан ұйытқуына байланысты Астанадан шығатын автожол жабылды. Кazinform бұл туралы «109» қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Мәліметке сәйкес, «Астана – Петропавл» республикалық маңызы бар автожолдың 18-234 шақырым аралығы, яғни «Астана – Щучинск» учаскесі көліктің барлық түрі үшін жабылды.

Еске салайық, 22 қаззан күні сағат 20.00-ден бастап Ақмола облысындағы «Көкшетау – Атбасар» трассасында көліктің барлық түріне қозғалысқа тыйым салынды.

Сондай-ақ сағат 22.00-ден «Астана – Көкшетау» автожолында («Астана – Щучинск – Көкшетау») шектеу енгізу жоспарланып отырғаны айтылған болатын.

Кейін қар мен жол бойының көріну нашарлығына байланысты «Көкшетау – Рузаевка» күре жолының екі учаскесі жабылды: біріншісі – Ақмола өңірінің шекарасынан Рузаевка ауылына дейін (СҚО территориясы), екіншісі – Көкшетау қаласынан СҚО шекарасына дейін (Ақмола облысының территориясы).

Жексенбі күні СҚО-да алғашқы қар жауғанын жазған едік.

Синоптиктер, 23 қазанда күн райының бұзылуына байланысты 17 өңірде ескерту жариялады.