Петропавлда заманауи көпбейінді аурухананың құрылысын жеделдету бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгін БАҚ өкілдері нысанның нақты қашан қолданысқа берілетіндігін өңірге жұмыс сапарымен келген Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Вячеслав Дудниктен білмек болды. |
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Қазақпарат-қа сілтеме жасап хабарлайды.
Петропавлда төрт жыл бұрын іргетасы қаланған заманауи аурухана жоспар бойынша 2,5-3 жылда салынып, пайдалануға берілуі тиіс еді. Алайда бүгінде нысан «сақалды» құрылысқа айналған.
«YDA Group» түрік компаниясы салып жатқан аурухана Солтүстік Қазақстан облысы үшін маңызды жоба. Сондықтан өңірге жұмыс сапарымен келген ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудникке брифингте қойылған алғашқы сұрақ та осы нысан жайында болды.
«Аурухана мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында салынып жатыр. Оны іске қосу үшін бірнеше кезеңнен өту керек. Ең алдымен жобалық-сметалық құжаты жасалуы тиіс. Нысанды тұрғызу үшін және заманауи қондырғыға қанша қаражат керектігі анықталады. Мемлекеттік сараптама жүргізілуі керек. Кейін Үкіметтің арнайы комиссиясы қарастырып, содан соң нысанды қосу туралы шешім қабылдайды. Оны түрік құрлысшылары салып жатыр. Олардың тәжірибесі мол», — деді Вячеслав Дудник.
Вице-министрдің айтуынша, дәл осындай жоба Түркістанда да іске асырылып жатыр. Ол өңірде біраз жұмыс атқарылды.
«Жоба міндетті түрде Петропавлда іске қосылады. Нәтижесінде СҚО тұрғындары үшін көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы өте жоғары деңгейге көтеріледі. Өйткені инвестор құрылыс нысанын салып қана қоймай, дәрігерлерді таңдап, Түркияға оқуға апарып, біліктілігін жоғарылатуды көздеп отыр. Сондай-ақ жаңа ауруханаға жетекші мамандарды жұмыс істеуге шақырмақшы. Сондықтан біз барлығымыз бұл клиниканың іске қосылғанын асыға күтіп отырмыз.
Егер жоба Петропавлда және Түркістанда сәтті аяқталатын болса, мұндай заманауи ауруханалар басқа өңірлерде де салынады», — деді министрдің орынбасары.
Жиында кадр мәселесі де көтерілді. Бүгінде СҚО-да 134 дәрігердің орны бос тұр.
«Медицина мамандары ел бойынша жетіспейді. Себебі, дәрігер — өте жауапкершілігі мол мамандық. Олар ең аз дегенде 6 жыл оқиды. Қазір қоғамда дәрігерге деген құрмет азайып барады. Жақында ғана осы сіздердің өңірлеріңізде дәрігерді соққыға жықты. Бұл дұрыс емес. Осындай оқиғалардан кейін жастар бұл саланы таңдағысы келмейді», — деді Вячеслав Дудник.