logo

"Дау-дамайдың кульминациясы жылда тамыз айына келеді": Мектепте хиджаб кию мәселесі қызу талқылануда

Ақпараттық кеңістікте мектепке хиджабпен баруға қатысты елдің пікірі екіге жарылған.

Осылай деп жазба қалдырған қоғам белсендісі Талғат Жақиянов орамал тағуға рұқсат етілген жағдайда соңы неге ұласатынын жеткізді, деп жазады Caravan.kz медиа-порталы.

"Мектеп – әлеуметтік институт. Оның атқаратын нақты функциялары бар. Білім беруден (оқыту+тәрбиелеу+дамыту) басқа мектептің маңызды функцияларының бірі – ЭГАЛИТАРЛЫҚ ФУНКЦИЯ.

Эгалитаризация – теңдестіру (уравниловка) дегенді білдіреді. Яғни, мектеп әртүрлі ортадан/отбасынан келген балалар үшін (жасанды болса да) бірдей әлеуметтік кеңістік жасап, сол арқылы білім алуға қажетті жағымды психологиялық-педагогикалық атмосфера жасау міндетін де арқаланады.

Бізде ресми тіркелген 18 конфессия (діни бағыт) бар. Тіркелмегендері одан да көп. Хиджап/орамалға рұқсат беру осы ағымдардың көпшілігінің мүддесін оятады. Себебі «зайырлы» елде діндердің құқықтары тең!

Діни атрибуттардың мектепте көрініс беруі исламмен ғана байланысты емес. Еліміздің солтүстік өңірінде православ сенушісі болып табылатын мектеп директоры оқушы қыздардың барлығына православ үлгісімен орамал таққызып қойған жағдайлар болған. Аралас мектептердің бірінде «сатаналық» сектаға кірген жоғарғы сынып оқушыларының «сатана» образында киініп жүргенін көргенмін бірнеше жыл бұрын.

Мектептерде гендерлік қабаттар да көрініс бере бастады. Естеріңізде болса, былтыр Астана қаласындағы мектептердің бірінде сырға таққан, тырнағы ұзын қызтеке оқушыны көрдік. Оған да шуладық.

Осы ЛГБТ өкілдерінің өздерінің дерегі бойынша олардың еліміздегі саны 1,5 млн-нан асады. Мектеп формасын алып тастасақ, гендерлік маркерлер де кеңінен енетіні анық. Себебі діни киім элементтеріне рұқсат беріп, «инклюзивті жүйе» контингентін кеңейтсек, гендерлік теңдік те сақталуы керек. Балалардың құқығы деп хиджап/орамалды енгізсек, гендерлік, этникалық, т.б. құқықтарға да жол ашу керек. Оны да қарастырсақ қалай болмақ?

Қалай десек те, мектепте орамал/хиджап киюді белсенді талап етіп жатқан топ – салафиттер. Олар мектептерде намазхана ашуды да талап етіп отыр.

Өңірлерде жекелеген мектептерде орамал/хиджап киетін бірді-екілі оқушыға көз жұмып, үнсіз рұқсат беріп отырған басшыларды да көрдік. Оларды да түсінуге болады. Басында униформа талап еткен, діншіл ата-аналармен соттасқан. Алайда кейбір прокурорлар мен судьялар олардың өзін жазалаған. Жоғарыдағы басшылар бұған бас қатырғысы келмей, мектеп әкімшілігін проблемамен бетпе-бет жалғыз қалдырған. «Қалай шешсең, олай шеш» деген жалтақтық. Әрине, бұл жердегі басты проблема білімнің зайырлылығын нақты белгілейтін құқықтық тетіктердің әлсіздігінде. Ол – басқа әңгіме.

Міне, осы орамал/хиджапқа үнсіз рұқсат берген мектептерде енді басқа проблемалар көрініс берген. Орамал/хиджап киген оқушылардың ата-аналары мектеп кеңістігінде өз балаларына қолайлы жағдайлар қалыптастыруға кіріскен. Музыка, дене шынықтыру, көркем сурет пәндеріне қатысудан бас тартқан. Ән айтуды (соның ішінде әнұран орындауды да), би билеуді «харам» деп, мектептің қоғамдық өмірінен алшақтаған. Жаратылыстану, тарих пәндерінен өздерінің діни догматтарына сай келмейтін тақырыптарды алып тастауды талап еткен. Асханаларды тексеріп, «халал» меню талап еткен. Тағысын тағылар.

Өкінішке қарай, бүгінгі «Орамал/хиджап» мәселесіне қатысты полемикада мемлекеттік органдар ұтылып жатыр. Себебі мемлекеттің ұстанымы солқылдақ, мінезі "жұмсақ" болып тұр", — деген ол.