Қазақ тарихындағы ағартушылар дегенде бірден кемеңгер азаматтар, ел ағалары, ұлтымыздың біртуар ұлдары ойға келеді. Ал әйелдерді бала тәрбиелеп отырған ақ жаулықты ана немесе келін ретінде елестетеміз. Бірақ біздің тарихымызда да білімге құштар, қоғамды оятуға тырысқан ағартушы әйелдер аз болған жоқ.
Қазақтан шыққан алғашқы дәрігер қыз кім?
Үммі-Гүлсім Асфендиярова
Фото Мәдениет порталынан алынған
Үммі—Гүлсім Асфендиярова қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш әйел дәрігер. 1880 жылы дүниеге келген. Ташкенттегі қыздар гимназиясын аяқтап, оқу бітіргені жөніндегі куәлікке ие болады.Ел ішінде медициналық көмектің тиісті дәрежеде көрсетілмеуі салдарында халық арасында ауру тарап, көпшілігі қайтыс болып жатқанын көріп өскен Гүлсім дәрігер болуды армандайды.
1900 жылы Петербордағы Қыздар медициналық институтына оқуға түседі. XX ғасырдың басындағы орыс революциясы аясында 8 жылдық білімді 7 жылда аяқтап, дәрігер-терапевт мамандығын алып шығады.
Тарихтан белгілі – Түркістан өлкесінде алғашсалынған стационарлық медициналық амбулаторияларда еуропалық ұлт өкілдеріннен шыққан дәрігерлер жұмысқа қабылданды. Алайда қарапайым халық, өзге ұлт өкілдеріне күмәнмен қарап, баяғы бақсылар мен халық емшілерінің көмегіне жүгінуді тоқтатпайды. Соның кесірінен Түркістан өңірінде жұқпалы аурулардың тарауы басыла қоймайды.
Петерборда міндетті медициналық қызметін өтеп жүрген Гүлсім басшылыққа өтініш хат жолдап, Түркістанға ауыстыруын сұрайды. Шешім шығып, ол 4 жыл қатарынан Шымкент уезінің Темірлан учаскесінде ауыл дәрігері болып жұмыс істейді. Содан Түркістандағы мемлекеттік қызметінен бас тартып, Хиуадағы жаңадан ашылмақ 100 орындық ауруханаға ат салысып, әйелдер бөлімін ашуға рұқсат алады. Климатына қатысты халық арасында кең тараған безгек, тырысқақ сынды жұқпалы ауруларға қарсы күрес жүргізеді. 1913 жылы Хиуа ауруханасында әріптесі Анисимовпен бірігіп, алғаш рет кесір тілігін жасап, жас ана мен нәрестенің өмірін аман сақтап қалады.
Елден жырақта дәрігерлік қызметпен айналысқан Гүлсім қайта Түркістанға оралып, қалалық перзентхананың бас дәрігері қызметіне тағайындалады. Осында жүріп әйелдер арасында медициналық кадрларды даярлау мақсатында акушерлік курстар ашып, педагогикамен де айналысады. Саяси оқиғаларға да бей-жай қарамаған ол әкесі Сейітжафар, інісі Санжармен бірге қазақ-қырғыз жалпы съезіне қатысады. Съезде Ақпан революциясынан кейін орын алған өзгерістер талқыланып, Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына Түркістаннан 15 депутат ұсыну мәселесі қаралады. Оған кандидат ретінде Гүлсімді де ұсынған.
Кеңестің шығарған қаулысына сәйкес Гүлсім Асфендияроваға акушерлік курстарда әйелдердің физиологиясы бойынша дәріс оқу жүктеледі. Курсмерізімі 10 айға, әр сабақ 50 минуттан деп бекітіледі. Курстың басты мақсаты – халық арасында орта дәрежелі медициналық кадрларды даярлау болғанымен, мамандар тапшылығы салдарында тәжірибелік сабақтарды жүргізуге негізінен орыс тілді дәрігерлер тартылады. Осыны түсінген Гүлсім орысша сауаты жоқ халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, ана тілінде дәріс беріп, халықтың көзін ашуға тырысқан.
Үммі-Гүлсім Асфендиярова өмірінің соңына дейін әйелдер арасында дәрігерлерді даярлап шығып, елімізде медицинаның дамуына өз үлесін қосты. 1937 жылы қайтыс болып, туған қаласы Ташкентте жерленді.
БҰҰ-да мәлімдеме жасаған Балжан

Балжан Бөлтірікова
Еңбек жолын қарапайым ұстаздықтан бастап, министр, дипломат деңгейіне дейін көтерілген қазақ әйелі жайлы не білесіз? БҰҰ төрінде тұңғыш мәлімдеме жасаған қазақ қызы Балжан Бөлтірікова 1921 жылы Жамбыл облысы, Қасық ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. 7-сыныптаоқып жүріп, зеректігінің арқасында Мәскеудегі оқушылар пленумына қатысып келген. Мектепті алтын белгімен аяқтап, Алматыға Қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі мамандығына оқуға түседі. Ауылдан келген, бір ауыз орысша білмейтін қаршадай қыз Ленинградтан жер аударылғанЛюбовь Федулова есімді орыс тілі мұғалімінің артынан қалмай, оқуға төлейтін ақшасы болмаса да, еденін жуып беріп, орыс тілімен қатар, ғылымды да үйренеді. Оқу орнын бітіріп, Лепсіде оқу меңгерушісі қызметінде жүріп, Алматыға қайта шақырту алады. Не бары 21 жасында 12-ші жалғыз қазақ мектебінің директоры болып тағайындалады. Балжанның қызы Бағлан бір естелігінде: «Мектептің бір бұрышында отбасымызбен тұрдық. Мектеп деген аты ғана. Тозығы жеткен ескі ғимараттың күзетшісі де, ағаш шебері де, мұғалімі де, директоры да анам өзі еді» деп еске алады. ІІ дүниежүзілік соғыспен тұспа-тұс келген сол жылдары маман тапшылығы өршіп тұрды. Бірақ қандай жоқшылық болса да, Балжан апай оқушылардың білім алуын тоқтатпаған.
1949–1955 жылдары Балжан Бөлтірікова Қазақ КСР-і бастауыш, орта мектеп кәсіподақ қызметкерлері орталық комитетінің төрайымы болып сайланады. Соғыстан кейінгі ауыр кезеңдерде мұғалімдердің құқығын қорғауға күш жұмсайды. 34 жасында Әлеуметтік қорғау министрі лауазымына дейін көтеріліп, соғыста қол-аяғынан, денсаулығынан айырылған азаматтармен жұмыс істеп, арыз-шағымдарын, тұрмыстық мұқтаждықтарын шешіп берген. Әлеуметтік минстрі болған шағында Алматыдан протезді-ортопедиялық зауыт ашады. (Бұл зауыт күні бүгінге дейін жұмыс істеп тұр). Қарттар үйінің ғимараты салынады. Ең елеулісі – республикада алғаш рет әлеуметтік қорғау заңы әзірленіп, қабылданады. Билік Балжанның қолында болса да, 1964 жылға дейін жеке үйі болмаған. Басшылықтан ешқандай үй де, көлік те сұрамаған. Бірде дүкендерге түсетін қымбат тауарлардың тізімін қарап шыққан Димаш ағамыз: «Балжан Бөлтірікқызы тағы да өзіне ештеңе алмапты» деген екен…
1966–1971 жылдары Балжан апай Азия-Африка елдерінің ынтымақтастық комитетінің, Кеңес әйелдері комитетінің лауазымына тағайындалып, нәтижесінде Қазақ КСР-і Сыртқы істер министрі қызметін атқарады. Балжан Бөлтірікқызы БҰҰ Бас ассамблеясына Кеңес Одағының ресми делегациясын бастап барып, мінберде сөз сөйлеген тұңғыш қазақ әйелі. Бұл оқиғаны АҚШ-тың саясаткері Генри Киссинджир өз мемуарында: «еркек дипломаттарды қалай да алдауға болады, бірақ әйел дипломаттардан қулық асыру мүмкін емес. Дипломатия білектіні бүгетін өнер», — деп жазып, қазақтың қызы Балжанның есімін айтады.
1971 жылы Балжан Бөлтірікова Оқу ағарту министрі болған тұста республика тұңғыш ретжалпы білім беруге көшті. Шалғай ауылдарда тұратын шопандардың балаларына арналғандаярлық сыныптар мен мектеп-интернаттардың саны өсті.
Қазақ әйелдерінен шыққан тұңғыш журналист

Нәзипа Құлжанова
Фото Әдебиет порталынан алынған
Нәзипа Құлжанова – әйел теңдігін аңсаған қоғам қайраткері, этнограф, аудармашы, журналист. 1887 жылы Торғай қаласында дүниеге келген. XXғасырдың басында Қостанайдағы орыс-қазақ гимназиясында оқып, Торғайдағы қыздар училищесін бітіреді.
17-ге толғанда қалың малы төленіп, бейтаныс азаматқа атастырылғанын білгенде, Нәзипа Петербордан сот шақырып, прокурорға арыз жазып, еркіндігін алған. Кейіннен Алаш қайраткері Нұрғали Құлжановпен отау құрады. Оқуын аяқтаған соң Семей қаласындағы оқытушылар семинариясында ұстаз болған. Сонымен қатар,этнография тақырыбында зерттеулер жүргізіп, мақалаларын жариялаған.
1914 жылы Абайдың мерейтойына орай әдеби кеш өткізеді. Петроградтағы мұсылман ауруханасы мен мұқтаж қазақ шәкірттеріне көмектесу үшін әдеби кеш ұйымдастырады. Нәзипа – қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш журналист. «Қазақ», «Сарыарқа», «Алаш» газеттерінде алғаш рет әйел құқығы мәселесін қозғап, мақала жазған. 1917 жылы Семей облысы қазақ съезінің төралқа құрамына қабылданып, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған қазақ интеллигенциясымен мектептерге арнап оқулық құралын жазады. Мағжан Жұмабаев педагогиканы, Жүсіпбек Аймауытов психологияны, Әлихан Бөкейханов географияны, ал Нәзипа Құлжанова мектепке дейінгі білім беру бойынша ғылыми-методикалық еңбектерін жазып шыққан. Мысалы, Орынборда «Мектептен бұрынғы тәрбие», Қызылордада «Ана мен бала тәрбиесі» атты әдістемелік құралдары жарияланған.
1992 жылы «Еңбекші қазақ» газетінің редакциясына қабылданады. «Қызыл Қазақстан», «Әйел теңдігі» журналдарында жауапты қызмет атқарады. Одан бөлек «Айқап», «Қазақ», «Бірлік туы», «Алаш» басылымдарында оқу-ағартуға қатысты мақалалар жариялап тұрған.
Нәзипаның тағы бір елеулі еңбектерінің бірі орыс композиторы Александр Затаевичке «Ғайни-ау, сәлем», «Қадыр зары» әндерін нотаға түсіруге көмектескен. Нәзипа Құлжанова 1934 жылы қайтыс болды.
Әмина КЕМЕЛБАЙ,
SDU 3 курс студенті
Иллюстрация на обложке из открытых источников