logo

Шымкенте қызылшамен ауырған балалардың көбі вакцина алмаған

Шымкентте қызылшамен ауырған балалардың көпшілігі вакцина алмаған.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Қазақпарат-қа сілтеме жасап хабарлайды.

Шымкентте қызылша өршіп тұр. Инфекциялық ауруды жұқтырғандар қазір Шымкент қаласының білім беру ұйымдары мен балабақшаларында да көбеюде. Жұқпалы дерттің таралуының алдын алу мақсатында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асыловтың төрағалығымен штаб отырысы өтті.

«2023 жылдың наурыз айынан бері қала бойынша 4795 қызылшаға күдікті дерек тіркелген. Оның ішінде 2026 жағдайда диагноз расталды. Науқастар арасында 14 жасқа дейінгі балалар 86% құрайды. Олардың 89,6%-дан астамы діни себептермен ата-анасының бас тартуына байланысты қызылшаға қарсы вакцина алмағандар. Қызылша ауруының өсу қарқыны биылғы жылдың қыркүйек айының ортасынан басталды», — деді қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов.

Сондай-ақ, денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков қала аумағындағы қызылша ауруы бойынша эпидемиологиялық ақуалды баяндап, инфекцияға тосқауыл болатын тиімді жолдарды ұсынды.

Жиын соңында қала әкімінің бірінші орынбасары жауаптыларға эпидемиямен күрес шараларын тиісті талаптарға сай атқарып, профилактикалық жұмыстарды күшейтуді тапсырды.